Мәсімов Қажымхан Қасымұлы 1939 жылы 18 сәуірде Талдықорған облысының Ақсу ауданындағы Қарасу (Еңбек) ауылында туған, қазақ. 1969 жылы Омбы теміржол институтын, 1974 жылы Павлодар индустриялық институтын бітірген. Ал 1989 жылы Алматы дене щынықтыру институтын тәмамдаған. 

Білімі және еңбек мансабы 

Ақсу ауылындағы мектепті аяқтаған соң Қажымхан Мәсімов Алматыға аттанып, ондағы Алматы зоотехникалық ветеринарлық институтына оқуға түседі. Кейін Алматы ауыр машина жасау зауытына жұмысқа тұрған соң, сырттай оқу бөліміне ауысады. Бірақ ықыласы техникалық кәсіпке ауып, өмірін теміржол саласымен байланыстыру туралы шешім қабылдайды. 1969 жылы Омбы теміржол институтын аяқтайды. Ақмола депосында сегіз жылдай еңбек етеді. Одан кейін Сібірде, Ханты-Мансы автономиялық округінде үш жыл жұмыс істейді. Екінші жоғары білімді Қажымхан Қасымұлы 1974 жылы Павлодар индустриялық институтында алады, өнеркәсіптік кәсіпорындарды электрмен жабдықтау –инженер-электр мамандығын игереді. Сол жылы Целиноградтағы Іске қосу-жөндеу басқармасына басшы болып тағайындалады. 1983 жылдан бастап Алматы облысындағы Боралдай құрылыс материалдары комбинатының директоры болады. 

Қоғамдық қызметі 

60-шы жылдардың орта шенінде, Омбыда жүрген жылдары Қажымхан Мәсімов йогамен әуестенеді, сөйтіп йоганы жұртшылыққа кеңінен насихаттаушы Анатолий Шорниковтің алғашқы шәкірттерінің бірі атанады.70-ші жылдары Қажымхан Мәсімов Целиноградта және басқа да қалаларда йогамен әуестенуге ықылас білдірген топтарды жинай бастайды. 90-шы жылдардың басында Қажымхан Мәсімов Алматы облысына танымал қоғам қайраткеріне айналады. Мешіттер тұрғызуға демеушілік жасайды, меценаттық көмек көрсетеді. 2003 жылы «Сауықтыру орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін, 2011 жылы – онкологиялық орталық ашады. 

Қазір Алматыдағы «Мәсімов Сауықтыру орталығының» жетекшісі. 

Үйленген, зайыбы : Элеонора Кәрімқызы Әжібекова. Ұлы: Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов